20 Фев 2026 13:02
Количество просмотров: 352

Ұлттық валютаның нығаюына қандай факторлар ықпал етті?

Жыл басынан бері теңге 3,3%-ға нығайды және бұл үдеріс ақпан айында айтарлықтай күшейе түсті. Бұл туралы Kapital.kz іскерлік басылымына Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді.

Оның айтуынша, теңгенің нығаюы ішкі және сыртқы факторлардың кешенді ықпалымен қалыптасып отыр. Ең алдымен, ішкі валюта нарығында шетел валютасына деген сұраныс төмендеген. Егер 2025 жылғы желтоқсанда сұраныс көлемі 7,9 млрд долларды құраса, 2026 жылғы қаңтарда бұл көрсеткіш 5,8 млрд долларға дейін қысқарған.

Әлия Молдабекованың түсіндіруінше, мұндай динамика жыл басына тән дәстүрлі құбылыс. Себебі бұл кезеңде бюджеттік қаражат әлі белсенді игерілмейді, соған байланысты іскерлік және инвестициялық белсенділік те төмендейді. Сонымен қатар, ақпан айында Қытай Жаңа жылын мерекелеу кезеңіне байланысты маусымдық фактор да теңге бағамына оң әсер етеді. Бұл сыртқы сауда есеп айырысулары мен инвестициялық ағындарға ықпал етеді.

Теңгені қолдап отырған тағы бір маңызды факторлардың бірі – шетелдік портфельдік инвестициялар. Жыл басынан бері бейрезидент инвесторлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына салған инвестициясы шамамен 600 млн долларға артқан. Бұл қаражаттың теңгеге айырбасталуы ішкі нарықта шетел валютасының қосымша ұсынысын қалыптастырып, ұлттық валютаның нығаюына ықпал етеді.

Ұлттық банк пен Үкіметтің макроэкономикалық саясаттағы үйлесімді іс-қимылдары, сондай-ақ нақты пайыздық мөлшерлемелер шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан нарығын тартымды етіп отыр.

«2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын J.P. Morgan Frontier Markets индексіне енгізу күтілуде. Бұл портфельдік инвестициялардың тұрақтылығын арттырып, халықаралық инвесторлар тарапынан теңгеге және теңгемен номиналданған Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына сұранысты күшейтуі мүмкін», – деп атап өтті Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары теңге бағамына әсет еткен тағы факторды атады. Ол Ұлттық банктің трансферттері мен ішкі нарықта тазартылған алтынды ұлттық валютаға сатып алып, резервтерден шетел валютасын бір мезгілде сату операциялары да әсер етуде. Қаңтарда осындай үдерістер шеңберінде 689 млн доллар сатылған. Ал бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 350 млн доллар көлемінде шетел валютасы саудаланды.

Сыртқы экономикалық жағдай да теңге үшін қолайлы болып отыр. Жыл басынан бері мұнай бағасы 16%-ға өсіп, барреліне 70 доллардан жоғары деңгейде сақталуда. Бұл АҚШ пен Иран арасындағы геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты тәуекелдердің артуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, АҚШ долларының жаһандық әлсіреу үрдісі байқалады: DXY индексі 0,6%-ға төмендесе, дамушы елдер валюталарының индексі 2,1%-ға нығайған. Ұлттық банк мәліметінше, қазіргі динамика ішкі және сыртқы факторлардың қолайлы үйлесімі жағдайындағы сұраныс пен ұсыныстың нарықтық теңгерімін көрсетеді.

Әйтседе валюта нарығында екіжақты құбылмалылық сақталып отыр. Бұл бағамның іргелі және нарықтық факторларға байланысты әрі әлсіреуі, әрі нығаюы мүмкін екенін білдіреді.

 

 

 

 

В наших соцсетях : Telegram-канал,   Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *