29 мая 2026 12:03
Количество просмотров: 258

Ұлттық банк: Психологиялық қысым көрсететін телефон алаяқтары көбейді

Қазақстанда психологиялық қысым көрсететін телефон алаяқтары көбейген. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

Реттеушінің дерегінше, қаскөйлер азаматтардың ақшасына, банк сервистеріне және жеке кабинеттеріне қол жеткізу үшін байланыс операторының, медицина ұйымының, пошта қызметінің немесе мемлекеттік портал қызметкері ретінде хабарласады. Олар SIM-картаның мерзімін ұзарту, медициналық тексеріске жазылу немесе салық құжаттарын рәсімдеу сияқты түрлі сылтаумен SMS-кодтарды алдап сұрап алады.

Одан кейін алаяқтар өзін электронды үкіметтің қолдау қызметінің маманы ретінде таныстырып, азаматтың атына онлайн-кредит рәсімделіп жатқанын айтады. Кейін «құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне» қосамыз деп мессенджер арқылы күмәнді сілтемелер жібереді.

Ұлттық банктің мәліметінше, келесі кезеңде өзін құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстыратын адамдар психологиялық қысым жасап, «рәсімделген кредит заңсыз әрекеттерді қаржыландыруға бағытталған» деп сендіруге тырысады. Тіпті қолдан жасалған қызметтік куәліктерді көрсетіп, шоттардың бұғатталатынын айтып қорқытады.

«Алаяқтар азаматтарды эмоциялық күйзеліске түсіріп, асығыс шешім қабылдауға итермелейді», – деп хабарлады Ұлттық банк.

Сондай-ақ қаскөйлер өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырып, «қауіпсіз шотқа» ақша аударуды, тіпті алтын бұйымдар мен басқа да құнды заттарды курьер арқылы беріп жіберуді талап етеді.

Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге, SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

«Өзін қандай да бір мемлекеттік органның немесе Ұлттық Банктің қызметкері ретінде таныстыратын бейтаныс біреуден қоңырау түскен жағдайда, әңгімені дереу тоқтатып, мән-жайды анықтау үшін әр азамат өз бетінше ресми нөмірлерге қоңырау шалып білгені жөн», – деп ескертті реттеуші.

Реттеуші Ұлттық банк қызметкерлері азаматтарға аудио немесе видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және ақшалай операциялар жүргізбейтінін еске салды.

Ал егер алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда бас банк құқық қорғау органдарына арыз жазуға кеңес береді. Ал қосымша ақпарат пен кеңес алу үшін Ұлттық Банктің 1477 қысқа нөміріне хабарласуға болады.

 

 

 

 

 

В наших соцсетях : Telegram-канал,   Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *