10 Июл 2026 18:59
Количество просмотров: 289

Цифрлық активтер саласы жаңа даму кезеңіне өтті

Фото ЖИ көмегімен жасалған.

Мемлекет басшысы Қазақстанның цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралары бойынша арнайы Жарлыққа қол қойды. Құжат қандай бағыттарды айқындайды, цифрлық қаржы саласына қандай өзгерістер әкеледі?
Мұның барлығы Ұлттық банк, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы бірлесіп өткізген баспасөз брифингінде талқыланды.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл саланы тереңнен талдап, дамыту бойынша алғашқы қадамдар Президенттің тапсырмасы бойынша жазылған банктер туралы жаңа заңда қамтылған.

«Онда крипто деген не, криптоактив деген не, қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген активтердің айырмашылығы, олардың негізгі ұғымдары, рұқсат етілген инвестициялау түрлері және басқа да маңызды мәселелер айқындалды. Яғни цифрлық активтер саласына қатысты заңнамалық база дәл заң деңгейінде кешенді түрде қалыптастырылды. Осы бағытты одан әрі дамыту үшін қаржы реттеушілері – Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан 20-дан астам басқарма қаулысы қабылданды. Онда эмитенттерге қойылатын талаптар сияқты цифрлық активтерді реттеудің нақты әрі егжей-тегжейлі тәсілдері белгіленген», – деп түсіндірді бас банк басшысы.

Спикердің сөзінше Жарлыққа қол қойылған соң цифрлық активтер нарығын дамытудың жаңа кезеңі басталды деуге болады.

«Біздің барлық бастамаларымызды нақты іске асыру және мемлекеттік органдар үшін даму жол картасын қалыптастыру мақсатында осы Жарлық әзірленді. Бұл құжат қаржы органдарынан бастап Цифрлық даму министрлігі мен құқық қорғау органдарына дейінгі барлық құрылымдардың жұмысына қатысты. Мемлекет басшысы осы аптада аталған Жарлыққа қол қойды», – деді Тимур Сүлейменов.

Құжат цифрлық активтер нарығын дамытудағы жаңа кезеңді айқындайды. Егер осы уақытқа дейін негізгі назар заңнамалық базаны қалыптастыруға аударылса, енді мемлекет цифрлық активтерді қаржы жүйесіне енгізу, инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту бағытындағы нақты жобаларды іске асыруға көшеді.

Брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы мемлекеттің басты мақсаты криптовалюталар айналымына шектеу қою емес, оны заңды әрі ашық нарыққа айналдыру екенін атап өтті. Қазір Ұлттық банк Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп криптоиндустрияны дамытудың ортамерзімді жоспарын әзірлеуде. Бұл құжатта нақты іс-шаралар, оларды іске асыру мерзімдері мен жауапты мемлекеттік органдар айқындалады.

Құжатта цифрлық майнинг саласына да ерекше назар аударылған. Бұл бағытта автономды электр энергиясын өндіру көздерін пайдалану арқылы жалпы энергетикалық жүйеге қосымша салмақ түсірмей, саланы тұрақты дамыту көзделіп отыр.

Брифинг барысында Тимур Сүлейменов Президент Жарлығы цифрлық активтердің заңды айналымына жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
«Мемлекет басшысының цифрлық активтерді дамыту жөніндегі Жарлығы криптоактивтердің заңды айналымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазақстанның өңірлік криптохабқа айналуына барлық алғышарт бар», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Брифинг соңында Тимур Сүлейменов толыққанды әрі түсінікті реттеу жүйесі халықаралық инвесторлардың сенімін арттыратынын жеткізді.

 

 

 

 

 

 

В наших соцсетях : Telegram-канал,   Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *