22 Сен 2026 11:57
Количество просмотров: 228

Ұлттық банк Қазақстанның борыштық нарығына халықаралық инвесторлардың қызығушылығын арттыру мәселесін талқылады

Қазақстан Ұлттық Бангі Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Лондонда өткен J.P. Morgan ұйымдастырған Emerging and Frontier Markets Opportunities халықаралық конференциясына қатысты. Іс-шара барысында Қазақстанның борыштық нарығының даму перспективалары және халықаралық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер негізгі талқыланған тақырыптардың бірі болды.

Ұлттық банктің конференцияға қатысуы жаһандық қаржы нарығының қатысушыларымен диалогты дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның макроэкономикалық саясаты және мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат беруге бағытталды.

«Қазақстан: инфляцияның тұрақты төмендеуі» сессиясы аясында Ақылжан Баймағамбетов макроэкономикалық болжамды және Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын жүргізу тәсілдерін таныстырды. Талқылау барысында инфляцияның динамикасы, экономикалық өсудің факторлары және оны 5% нысаналы деңгейге дейін тұрақты төмендету шаралары қаралды.

Инвесторлар үшін ақша-кредит саясатының болжамдылығы мен қабылданатын шешімдердің ашықтығы борыштық құралдардың тәуекелдері мен кірістілігін бағалауда маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты нарық қатысушыларының негізделген күтулерін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қазақстанның борыштық нарығын дамытуға жеке блок арналды. Ұлттық банк мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өтімділігін арттыру бойынша шараларды таныстырды. Олардың қатарында Қаржы министрлігімен бірлесіп алғашқы дилерлер жүйесін іске қосу, есеп айырысу инфрақұрылымын жетілдіру және халықаралық клирингтік жүйелермен өзара іс-қимылды дамыту бар.

Сонымен қатар инвесторлар ауқымын кеңейту және Қазақстанның капитал нарығының құралдарын дамыту бағыттары талқыланды. Бұл шаралар нарықтың өтімділігін арттыруға және институционалдық инвесторлар үшін неғұрлым кең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.

Сапар аясында Қазақстанның борыштық нарығына қызығушылық танытып отырған 50-ге жуық ірі халықаралық инвестициялық қорлар мен компаниялардың өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізілді. Олардың қатарында J.P. Morgan Asset Management, Goldman Sachs Asset Management, Allianz Global Investors, Pictet Asset Management, T. Rowe Price, HSBC Global Asset Management, Qatar Investment Authority және басқа да халықаралық инвесторлар бар.

Кездесулер барысында макроэкономикалық ахуал, ақша-кредит саясатының перспективалары, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының қазіргі жағдайы және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Халықаралық инвесторлармен жүйелі өзара іс-қимыл Қазақстанның борыштық нарығына қатысушылардың ауқымын кеңейтуге және оның жаһандық қаржы инфрақұрылымымен ықпалдастығын күшейтуге бағытталған.

Нарықты одан әрі дамыту үшін баға тұрақтылығы, ашық ақша-кредит саясаты, мемлекеттік бағалы қағаздардың өтімділігін арттыру, нарықтық инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық инвесторлардың қазақстандық қаржы құралдарына қолжетімділігін кеңейту маңызды факторлар болып табылады.

 

 

 

 

 

В наших соцсетях : Telegram-канал,   Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *