1 Апр 2026 17:22
Количество просмотров: 312
Қазақстанда инфляция 11%-ға дейін төмендеді: қатаң ақша-несие саясатының нәтижелері байқала бастады

Елдегі инфляцияның баяулауы. 2026 жылғы наурыз қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11%-ға дейін төмендеп, қымбатшылық көрсеткіші біртіндеп әлсірей бастағаны байқалды. Бұл нәтиже көп жағдайда Ұлттық банк пен Үкімет жүргізіп отырған қатаң ақша-несие саясатының әсерін көрсетеді.
Белгілі болғандай, базалық мөлшерлеме экономикаға шамамен алты айлық кешігіп барып әсер етеді. Яғни қазіргі инфляция динамикасы 2025 жылдың екінші жартысында қабылданған шешімдердің нәтижесі болып отыр.
Жоғары мөлшерлеме экономикаға қалай ықпал етеді? Бірінші кезекте тұтынушылық сұранысты бәсеңдетеді, несиелеу қарқынын төмендетеді. Бұған қоса бағаға түсетін қысымды азайтады. Осылайша, инфляцияның төмендеуі кездейсоқ құбылыс емес, қатаң монетарлық жағдайларға экономиканың заңды реакциясы.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс кулуарында тілшілер сауалына берген жауабында инфляцияның қазіргі деңгейі базалық мөлшерлеменің оң нәтижесі екенін растады. Оның айтуынша, жылдық және айлық инфляция көрсеткіштері салыстырмалы түрде жағымды динамиканы көрсетуде.
«Сондықтан ақша-кредит саясаты мен Үкімет қабылдап отырған шаралар, соның ішінде теңгенің нығаюы, инфляцияның төмендеуіне оң әсерін тигізуде», – деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.
Сонымен қатар, инфляцияның әрі қарайғы динамикасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі – реттелетін бағалар, яғни коммуналдық қызмет тарифтері мен жанар-жағармай бағасы. 1 сәуірден бастап бұл салалардағы бағаның өсуін тежеуге енгізілген мораторий мерзімі аяқталады, сондықтан Үкіметтің шешімі нарық үшін маңызды болып отыр.
Сүлейменовтің айтуынша, тарифтерге қатысты кез келген шешім инфляциялық үрдістерді ескере отырып қабылданады.
«Біздің ұстанымымыз – тарифтерді көтеру қажет болса, оларды мұқият және айтарлықтай жоғары емес деңгейде көтеру керек», – деді Сүлейменов.
Qazaq Expert Club-тың тең құрылтайшысы, экономист Бауыржан Шурманов та қазіргі инфляция динамикасы болжанған шеңберде екенін растайды. 2026 жылғы наурызда инфляцияның 11%-ға дейін төмендеуі (ақпанмен салыстырғанда 0,7 пайыздық тармаққа аз) қатаң ақша-несие саясатының ықпалына толық сәйкес келеді.
«Егер қазіргі үрдіс сақталса, инфляция жылдың екінші жартысында да төмендеуін жалғастыруы мүмкін. Алайда базалық мөлшерлемені жылдам төмендетуге мүмкіндік шектеулі. Ақша-несие саясатын тым ерте жұмсарту дезинфляция үдерісін кері бағытқа бұруы ықтимал», – деп түсіндірді сарапшы.
В наших соцсетях : Telegram-канал, Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!