22 Сен 2026 14:16
Количество просмотров: 273
Бірыңғай QR-дан цифрлық теңгеге дейін: Қазақстан финтехінің жаңа дәуірі

Қазақстанның финтех нарығы цифрландырудың жаңа кезеңіне өтіп жатыр. Бұған дейін қаржы технологияларының дамуын негізінен жекелеген банктердің мобильді қосымшалары, экожүйелері мен төлем сервистері айқындаса, енді нарықтың жаңа архитектурасы ортақ инфрақұрылымға, өзара ықпалдастыққа және ашық технологиялық стандарттарға негізделе бастады.
Бұл өзгерістер Fintech in Kazakhstan ұлттық зерттеуінде жан-жақты сипатталған. Құжат Қазақстан Ұлттық Банкінің қолдауымен жарық көрген. Онда елдегі төлемдер, Open Banking, бірыңғай QR, цифрлық теңге, Banking-as-a-Service, цифрлық активтер және жасанды интеллект бағыттарының біртұтас қаржылық инфрақұрылымға айналып келе жатқанын көрсетеді.
«Соңғы бір жылда елімізде соңғы 30 жылдағы қаржылық реттеудің ең ауқымды реформасы жүргізілді: жаңа Банк заңы, Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы заң, бірыңғай банкаралық QR жүйесі, телефон нөмірі арқылы аударымдар, цифрлық теңгенің толыққанды айналымы және АХҚО юрисдикциясымен қатар цифрлық активтерді реттеудің жалпыұлттық режимін енгізу», – деп түсіндірді нарықтағы соңғы өзгерістерді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Бинур Жәленов.
Қазақстанның финтех нарығындағы ең айқын өзгерістің бірі – қолма-қол ақшасыз төлемдердің кең таралуы.
Зерттеу деректеріне сәйкес, тұтынушылық төлемдердің құндық көлеміндегі қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 88%-ға жеткен. Бұл Қазақстанның күнделікті қаржылық операциялары цифрлық арналарға айтарлықтай ауысқанын көрсетеді. 2025 жылы елде шамамен 34 млн белсенді онлайн-банкинг пайдаланушысы және 85 млн төлем картасы болған.
QR-төлемдер де қарқынды өсіп келеді. 2025 жылы QR арқылы жасалған операциялардың саны 3,8 млрд-қа жеткен. Ал 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында QR төлемдерінің айналымы шамамен 8 трлн теңге немесе 17 млрд доллар болды. Бұл көрсеткіш POS-терминалдар арқылы жасалған 7,5 трлн теңгелік төлемдерден асып түсті.
«Алайда QR-дың рөлі көбіне күнделікті бөлшек төлемдермен байланысты. Зерттеу бойынша QR транзакциялар санының үлесін айтарлықтай арттырғанымен, олардың жалпы ақшалай көлемдегі үлесі шамамен 10% деңгейінде. Ал ірі сомалы операциялардың негізгі бөлігі әлі де интернет және мобильді банкинг арқылы жүзеге асады», – деп жазылған зеттеуде.
Яғни нарықта төлемнің екі түрлі бағыты қалыптасып отыр. Мәселен, QR – күнделікті шағын төлемдер үшін, ал мобильді және интернет-банкинг – ірі сомалы операциялар үшін негізгі арна болып қала береді.
Қазақстан финтехінің алғашқы кезеңінде әр банк өз экожүйесін қалыптастырды. Клиент үшін мобильді қосымша тек банк қызметін алатын құрал емес, төлем жасауға, ақша аударуға, сауда жасауға және басқа да қызметтерді пайдалануға мүмкіндік беретін әмбебап платформаға айналды.
Енді нарықтың келесі кезеңі осы жеке экожүйелердің бір-бірімен қалай әрекеттесетініне байланысты болмақ.
Қазақстан Ұлттық төлем корпорациясының басқарма төрағасы Жанар Самаева зерттеуде дәл осы өзгеріске назар аударады. Оның айтуынша, ұзақ жылдар бойы цифрландыру негізінен жекелеген банктер деңгейінде жүрсе, қазір басты назар нарықты бастапқыдан өзара үйлесімді ететін ұлттық инфрақұрылым құруға ауып отыр.
Оның пікірінше, нақты уақыттағы банкаралық төлемдер, цифрлық идентификация, Open Banking, цифрлық теңге және Ұлттық антифрод-орталық – бөлек жобалар емес. Олар банктер мен финтех-компаниялар өз өнімдерін жасап, бәсекеге түсетін ортақ технологиялық әрі сенім қабатын қалыптастырады.
«Бүгінгі таңда біздің назарымыз нарықты бастапқыда өзара үйлесімді ететін ұлттық инфрақұрылымды құруға бағытталған. Нақты уақыт режиміндегі банкаралық төлемдер, цифрлық идентификация, Ашық банкинг (Open Banking), Цифрлық теңге және Ұлттық антифрод-орталық – бұл жекелеген жобалар емес. Олар бірлесе отырып, банктер мен финтех-компаниялар өз өнімдерін жасап, өзара бәсекелесе алатын ортақ технологиялық әрі сенім қабатын құрайды», – деп атап өтті Жанар Самаева.
Бұл жерде бәсекенің сипаты да өзгереді. Егер бұрын клиентті белгілі бір банктің экожүйесінде ұстап қалу маңызды болса, енді ақша аударудың немесе төлем жасаудың техникалық мүмкіндігі барлық нарық қатысушысы үшін ортақ болуы тиіс. Сәйкесінше, компаниялар пайдаланушы тәжірибесі, өнім сапасы, баға, сервистер және инновациялар арқылы ерекшеленуге ұмтылады.
Осы жаңа архитектураның нақты мысалдарының бірі – бірыңғай QR жүйесі мен телефон нөмірі арқылы банкаралық аударымдар (C2C).
Телефон нөмірі арқылы C2C аударымдары 2025 жылдың маусымында бес банктен басталды. Бірыңғай QR жүйесі сол жылдың қыркүйегінде үш банктің қатысуымен іске қосылды. Ал 2026 жылғы 19 шілдеде екі жүйе де барлық бөлшек банктерді қамтыған жалпыұлттық инфрақұрылымға айналды.
Бұл өзгерістің практикалық мәні қарапайым: енді клиенттің қай банктің қосымшасын пайдаланатыны төлемнің қабылдану мүмкіндігіне бұрынғыдай әсер етпеуі керек.
Жүйе жаппай іске қосылғанға дейін Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы 160 млрд теңгеден астам, яғни шамамен 340 млн доллар операция өңделген.
В наших соцсетях : Telegram-канал, Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!