S&P Global Ratings Қазақстанның егемен рейтингін BBB деңгейіне көтерді: бұл экономикаға не береді?

Халықаралық S&P Global Ratings рейтинг агенттігі Қазақстанның ұзақ мерзімді егемен кредиттік рейтингін «BBB-» деңгейінен «BBB» деңгейіне көтерді, деп хабарлады Ұлттық банк.
Рейтинг бойынша болжам – «Тұрақты». Бұл Қазақстан үшін маңызды көрсеткіш. Өйткені ел 2016 жылдан бері алғаш рет S&P шкаласы бойынша «BBB» деңгейіне көтеріліп отыр.
Агенттіктің шешімі жаһандық белгісіздік пен шикізат нарығындағы құбылмалылық жағдайында Қазақстан экономикасының тұрақтылығына байланысты қабылданған. S&P Қазақстанның сыртқы күйзелістердің әсерін жұмсартуға мүмкіндік беретін ауқымды валюталық және фискалдық резервтерін атап өтті. Сонымен қатар агенттік мұнайдан тыс бюджет тапшылығының алдағы кезеңде одан әрі қысқаратынын болжады.
Рейтинг агенттігі ақша-кредит саясатының негіздері де нығайғанын атап өтті. Бұған инфляцияны төмендетуге бағытталған Ұлттық Банктің шаралары, макропруденциялық реттеу және бюджет саясатын шоғырландыру аясындағы Үкімет пен Ұлттық Банктің үйлесімді жұмысы ықпал етіп отыр.
Осының нәтижесінде 2026 жылғы шілдеде Қазақстандағы жылдық инфляция 10,2%-ға дейін төмендеді.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, рейтингтің «BBB-» деңгейінен «BBB» деңгейіне көтерілуі Қазақстан үшін маңызды белгі.
«Енді бізде таза BBB. Минус алынып тасталды. Яғни Қазақстан ең төменгі инвестициялық рейтинг деңгейінен бір саты жоғары көтерілді», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, S&P шешімі Қазақстан экономикасының сыртқы күйзелістерге төзімділігін, жинақталған валюталық және фискалдық резервтерін, сондай-ақ салық базасын кеңейту мен бюджет тапшылығын қысқартуға бағытталған саясатты көрсетеді.
«Бұл бізге не береді? Халықаралық инвестор үшін Қазақстан тәуекелінің бағасы төмендейді. Мемлекет пен қазақстандық компаниялар сыртқы нарықтан өте арзан процентпен оңай қарыз ала алатын болады. Демек, биыл инвестицияның келу қарқыны өсуі мүмкін», – деп атап өтті Айбар Олжаев.
Сарапшының айтуынша, рейтингтің жоғарылауы сыртқы қарыз алу құнына да әсер етуі ықтимал. Егер мемлекет бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін халықаралық нарықтан қарыз тартса, төменірек пайыздық мөлшерлемелер қарызға қызмет көрсету шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Егемен кредиттік рейтинг – халықаралық инвесторлар ел экономикасының тұрақтылығы мен қаржылық міндеттемелерін орындау қабілетін бағалау кезінде назар аударатын негізгі көрсеткіштердің бірі.
Рейтингтің жоғарылауы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға және елдің сыртқы нарықтардағы қарыз алу құнын төмендетуге ықпал етуі мүмкін.
Айбар Олжаевтың пікірінше, S&P-нің шешімі өзге халықаралық рейтинг агенттіктерінің Қазақстанға берген бағасына да ықпал етуі мүмкін.
«Енді Fitch пен Moodys сынды қалған екі агенттік те еліміздің рейтингін өсіруді талқылай бастайды деп ойлаймын. Мысалы Fitch қазіргі «ВВВ, Тұрақтыдан» болжамды «Позитивтіге» осы жылда көтеруі ғажап емес. Онда келесі шілде-тамыз айында Фитчтен «BBB+» алып қалармыз. Себебі, эталон өзгерді», – дейді ол.
Қазақстанның инвестициялық рейтингі үш ірі халықаралық агенттіктің бағалауында да бар. Сондықтан бір агенттіктің рейтингті көтеруі елдің кредиттік бейінін қайта бағалау процесіне қосымша серпін беруі мүмкін.
Сарапшының пікірінше, рейтингтің өсуі – экономикадағы оң өзгерістердің бір көрсеткіші. Алайда ең бастысы – осы нәтижелерді сақтап, макроэкономикалық тұрақтылықты одан әрі нығайту.
«Бір сөзбен айтқанда экономикамыз артқа емес, тек алға жылжып барады. Одан бізге де шапағат келмек. Сәл ұстамдылық танытайық. Мықты экономика ішкі өндіріс пен қоймалау арқылы инфляциямен жақсы күресуге, адамдарға жұмыс беру арқылы халық табысын көтеруге, мол резервтер көмегімен теңгені халыққа оңтайлы курс коридорында ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бастысы, тұрақтылыққа жол ашады», – деп атап өтті Айбар Олжаев.
Осылайша, Қазақстанның S&P Global Ratings бойынша «BBB» деңгейіне көтерілуі – ел экономикасының сыртқы күйзелістерге төзімділігіне, жинақталған резервтерге және жүргізіліп жатқан фискалдық әрі ақша-кредит саясатына берілген оң баға.
Ал рейтингтің «Тұрақты» болжаммен бекітілуі Қазақстанның алдағы кезеңде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап, бюджет тапшылығын қысқарту және инфляцияны төмендету бағытындағы саясатын жалғастыратынына халықаралық нарықтардың сенімін көрсетеді.
В наших соцсетях : Telegram-канал, Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!