12 Окт 2026 14:23
Количество просмотров: 321

Қазақстан зейнетақы жинақтарын басқару тәсілін өзгертуде

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктері кеңейіп келеді. 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап БЖЗҚ салымшылары міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан қаражатының 100%-ына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға бере алады. Зейнетақы жүйесін дамытудың негізгі бағыттары туралы БЖЗҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев айтып берді.

Ұлттық Банк пен БЖЗҚ зейнетақы қаражатын сақтауға және ұзақ мерзімді перспективада оң нақты табыстылыққа қол жеткізуге бағытталған теңгерімді инвестициялық саясат жүргізеді. Активтерді басқарудың негізгі қағидаттарының бірі — тәуекелдерді төмендету үшін қаражатты әртүрлі қаржы құралдарына бөлуге негізделген әртараптандыру. Зейнетақы активтері Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына, квазимемлекеттік сектор мен банктердің облигацияларына, сондай-ақ шетелдік қаржы құралдарына инвестицияланады. Портфельдің бір бөлігіне инвестиция салу кезінде экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікті, корпоративтік басқару сапасын қамтитын ESG қағидаттары ескеріледі.

2026 жылғы 7 қыркүйекте күшіне енген Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер азаматтардың зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерін кеңейтті. Енді салымшылар жеке басқарушы компанияларды өздері таңдап, қаражатын тәуекел деңгейі, әлеуетті табыстылығы және инвестициялау мерзімі әртүрлі стратегиялар арасында бөле алады. Әрбір басқарушы компания үш инвестициялық стратегияға дейін ұсынуға құқылы.

«Таңдау мүмкіндіктерінің кеңеюі азаматтардың өз жинақтарын басқаруға деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар бәсекелестік басқарушы компанияларды инвестициялық стратегиялардың, есептіліктің және цифрлық сервистердің сапасын жақсартуға ынталандырады», — деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.

Салымшылардың мүдделерін қорғау үшін зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың өз қаражатынан және басқа клиенттердің активтерінен бөлек сақтау, операцияларға тәуелсіз кастодиандық бақылау жүргізу, сондай-ақ компаниялардың капиталына, тәуекелдерді басқаруына және ақпаратты ашып көрсетуіне қойылатын талаптарды күшейту шаралары көзделген.

Зейнетақы активтерін басқару нарығын дамыту 2026–2030 жылдарға арналған Капитал нарығын дамыту бағдарламасының жобасында қарастырылған. Оның негізгі міндеттерінің қатарында институционалдық инвесторлар санын және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту бар. Зейнетақы жинақтары ұзақ мерзімді капитал көзі ретінде бағалы қағаздар нарығының дамуына және Қазақстан экономикасын қаржыландыруға ықпал ете алады.

Салымшыларға басқарушы компаниялардың ұсыныстарын салыстыруға көмектесу үшін invest.enpf.kz инвестициялық порталы іске қосылды. Онда компаниялар, олардың инвестициялық стратегиялары және қаржылық көрсеткіштері туралы ақпарат ұсынылған.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығы жинақтаушы компонентті нығайтуға, активтерді тиімді басқаруға және азаматтардың қатысуын кеңейтуге байланысты. Сонымен қатар зейнетақы жарналарын тұрақты аудару мен қаржылық сауаттылықты арттыру болашақ зейнетақы табысын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

 

 

 

 

 

В наших соцсетях : Telegram-канал,   Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *