6 Ноя 2026 09:44
Количество просмотров: 263

Ұлттық банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі мен автокредиттер бойынша талаптарды қатаңдатуды кейінге қалдырды

Қазақстан Ұлттық банкі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде берілетін қарыздар бойынша борыш жүктемесінің коэффициентіне қатысты жеңілдіктерді 2029 жылдың соңына дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Ал автокредиттер бойынша борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу талабын қайта енгізу тағы бір жылға кейінге шегеріледі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің сараптамалық-талдамалық пікірталас клубының отырысында мәлімдеді.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде берілетін қарыздар бойынша борыш жүктемесінің коэффициентіне қатысты жеңілдіктерді тағы екі жылға, яғни 2029 жылдың соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылданған. Қазіргі уақытта шешімді Ұлттық банк Басқармасының тиісті қаулысымен заңдық тұрғыдан рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Бұған кредиттік портфель сапасының жақсы болуы және аталған сегментте талаптарды қатаңдатуға қатысты әзірге еш қажеттіліктің болмауы ықпал еткен», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Жиын барысында Тимур Сүлейменов автокредиттеу нарығындағы жағдайға да жеке тоқталды. Осыған дейін бұл сегменттің қарқынды өсуі нарықта шамадан тыс кредит алу қаупін туғызғанын атап өтті.

«Автокредиттер портфелінің жылдық өсімі 73–75%-ға дейін жетіп, берілген кредиттер көлемі 100%-ға артқан. Алайда соңғы 12 айда автокредиттер портфелінің өсімі 13–14%-ға дейін баяулаған. Осыған байланысты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап автокредиттер бойынша борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу талабын қайта енгізбеу туралы шешім қабылданды», – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Еске сала кетейік, борыш жүктемесінің коэффициенті қарыз алушының барлық кредиттері бойынша ай сайынғы төлемдерінің орташа айлық табысына қатынасын көрсетеді. Аталған тетік халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеуге, қарыз алушылардың төлем қабілетін ескеруге және кредит нарығындағы тәуекелдерді төмендетуге бағытталған.

Айта кететіні 2026 жылғы 2 қарашада елімізде екінші деңгейдегі банктердің борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу дұрыстығын тексеруге бағытталған тұрақты қадағалау процесі іске қосылды. Оның аясында 11 ірі банк тексеріледі. Бұған дейін жүргізілген пилоттық жоба сегіз банкті қамтыған.

Тексерудің негізгі мақсаты – банктердің қарыз алушылардың кірістері мен кредиттік міндеттемелерін дұрыс есепке алуын қамтамасыз ету және жауапты кредиттеу тәжірибесін нығайту.

В нашем Telegram-канале  много интересного, важные и новые события. Наш Instagram. Подписывайтесь!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *