Қазатомөнеркәсіп Түркістан облысындағы әлеуметтік жобаларға 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлді

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдарымен бірлесіп, Түркістан облысында денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй инфрақұрылымы салаларындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға 10 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады.
Аталған қаражат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысының ауқымды бағдарламасы аясындағы жобаларға жұмсалады.

Бөлінген қаражат есебінен үш нысанның құрылысы жүргізілуде:
* Созақ ауданындағы орталық аурухана. Жалпы ауданы 8 000 м²-ден асатын жаңа аурухана кешені 165 төсек-орынға есептелген және жылына 9 мыңға дейін пациентті қабылдай алады. Жоба аясында аурухананы заманауи диагностикалық жабдықтармен жарақтандыру және оңалту орталығын құру көзделген;
* Түркістан қаласындағы Woosong University Kazakhstan (WSUK) халықаралық IT-университетінің жаңа оқу корпусы. Ғимарат жалпы ауданы 16 500 м² болатын төрт қабатты үш блоктан тұрады;
* Созақ ауданы Шолаққорған ауылының Жеткіншек шағынауданындағы тұрғын үй. Жалпы ауданы 1 643 м² болатын екі қабатты, 16 пәтерлі тұрғын үй әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға арналған.
Қазатомөнеркәсіп өз қызметін жүзеге асыратын өңірлерде әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөлуді жалғастырады. Түркістан облысындағы жобалардың іске асырылуы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, жастардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ өңір тұрғындарының тұрмыс жағдайларын жақсартуға ықпал етеді.
В наших соцсетях : Telegram-канал, Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!
