26 Ноя 2026 15:00
Количество просмотров: 33

Банктер бизнесті белсенді қаржыландыра бастады

Қазақстанда бизнес тарапынан банктік қаржыландыруға сұраныс артып келеді. Әсіресе ірі және орта бизнес сегменттерінде оң динамика байқалады. Бұл – Қазақстан Ұлттық Банкінің 2026 жылғы III тоқсан қорытындысы бойынша 21 екінші деңгейлі банк арасында жүргізген сауалнамасының нәтижелері.

Ірі компаниялар тарапынан кредитке сұраныс айтарлықтай өскен. Өтінімдер саны 3%-ға азайып, 229-ды құрағанымен, олардың орташа сомасы 82%-ға артып, 20,9 млрд теңгеге жетті. Банктер бұл өсімді стратегиялық және инфрақұрылымдық жобаларды, соның ішінде Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы бастамаларды қаржыландырумен байланыстырады.

Орта бизнес сегментінде өтінімдер саны 2%-ға өсіп, 5,4 мыңға жетті. Ал олардың орташа сомасы 23%-ға артып, 1,1 млрд теңгені құрады. Мұндай өсімге «Өрлеу», «Өндіріс» және «Іскер аймақ» сияқты кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар ықпал етті.

«Стратегиялық жобаларды қаржыландыру шарттарын жақсарту бойынша банктер, Үкімет және қаржы реттеушілері бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар банктер қазақстандық банктердің қатысуымен синдикатталған қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыруда», – деді Ұлттық Банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаев.

Бизнесті кредиттеу нарығындағы оң өзгерістер бөлшек кредиттеу сегментінің біртіндеп салқындауы аясында байқалып отыр. III тоқсанда банктер ипотекаға, автокредиттерге және кепілмен берілетін тұтынушылық қарыздарға сұраныстың төмендегенін атап өтті. Ал кепілсіз тұтынушылық кредиттерге сұраныс сәл өскен.

Сонымен бірге ипотекалық кредиттер бойынша өтінімдер саны 19%-ға артып, 271 мыңға жетті. Сұралған кредиттің орташа сомасы 22,7 млн теңгені құрады. Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша өтінімдер саны 3%-ға өсіп, 16,4 млн болды.

Экономист Айбар Олжаев мұндай динамиканы күтілген нәтиже деп санайды. Оның пікірінше, бұл реттеушілік шаралардың әсері біртіндеп байқала бастағанын көрсетеді.

«Реттеушілік өзгерістер өз нәтижесін бере бастады. 2026 жыл – тұтынушылық кредиттеу секторын салқындатудың басталған кезеңі. 2027 жылы бұл үрдіс одан әрі күшейеді, өйткені реттеушілік шаралардың әсері әлі толық көрініс тапқан жоқ. Оның үстіне бөліп төлеу де кредиттік статистикаға енгізіледі», – деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуынша, банктердің қаржы ресурстарының экономиканың нақты секторын қаржыландыруға біртіндеп бағытталуы да маңызды оң үрдіс болып отыр.

«Мемлекет екінші деңгейлі банктерді экономиканы кредиттеуге қосымша ынталандырады. Қазір негізгі мәселе – пайыздық мөлшерлемелер. Дегенмен тұтынушылық кредиттеуден бизнес секторына өтімділіктің ауысуы қазірдің өзінде байқалып отыр», – деп атап өтті Айбар Олжаев.

Алдағы тоқсанда банктер бизнес тарапынан қаржыландыруға сұраныс одан әрі артады деп күтеді. Бұған іскерлік белсенділіктің маусымдық жандануы және қарыз қаражаты құнының төмендеуіне қатысты күтулер ықпал етуі мүмкін. Бөлшек кредиттеу сегментінде ипотекаға сұраныстың қалпына келуі және кепілсіз тұтынушылық кредиттерге қызығушылықтың аздап артуы болжанып отыр.

Осылайша, сауалнама нәтижелері банктік кредиттеу құрылымының біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді: тұтынушылық кредиттеу нарығының салқындауы аясында бизнесті және экономиканы дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландырудың маңызы артып келеді.

 

 

 

 

 

В наших соцсетях : Telegram-канал,   Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *