Ұлттық Банктің жаңа шолуы: экономикадағы үш маңызды зерттеу

Жаңа шығарылымда Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамытуды мемлекеттік қолдау шараларын бағалауға, мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілік қисығын құру әдіснамасына, сондай-ақ айырбастау бағамы динамикасының инфляцияға әсерін бағалауға арналған ҚРҰБ талдаушыларының зерттеулері енді.
Бірінші мақалада 2003-2024 жылдар аралығында Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған. Атап айтқанда, Индустриялық инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларына талдау жасалған. Зерттеуде аталған бағдарламалардың негізгі мақсаттары, мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі және белгіленген көрсеткіштердің орындалу деңгейі бағаланады.
Екінші зерттеуде Қазақстандағы мемлекеттік бағалы қағаздарының іргелі кірістілік қисығын құрудың әдіснамалық тәсілі қарастырылады. Жекелеген сегменттерде байқалатын нарықтың кірістілік қисығының төмен өтімділік, қайталама нарықтың шектеулі тереңдігі, сұраныстың шоғырлануы және ұсыныстың құрылымдық факторлары салдарынан бұрмалануға бейім болуына байланысты зерттеу өзекті болып отыр.
Экономист Бауыржан Ысқақов бұл зерттеудің ерекшелігі мемлекеттік бағалы қағаздардың әділ құнын анықтауға мүмкіндік беретінін айтады.
«Қазақстан мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында өзекті мәселесі қарастырылған. Зерттеудің ерекшелігі – инвестициялық және инфляциялық тәуекел, инвестициялық өтімділікті айтуға болады, инвестицияның мерзімін ескере отырып мемлекеттік бағалы қағаздардың әділ құнын анықтауға мүмкіндік беруі. Бұл әдіснама инвесторлардың шешімін қабылдау сапасын арттырып, Қазақстанның дамуына және ақша-несие саясатының тиімділігін бағалауға үлес қоса алады», — дейді Бауыржан Ысқақов.
Ал жаңа шығарылымдағы үшінші мақалада айырбастау бағамының Қазақстандағы инфляцияға әсері қарастырылады. Авторлар валюта бағамының өзгеруі тек тұтыну тауарларының бағасына ғана емес, импорттық өнімдердің бағасына да қалай әсер ететінін зерттеген. Зерттеу барысында бұл әсердің уақыт өте өзгеріп отыратыны және оның айырбастау бағамының өзгеру себептеріне байланысты екені анықталған.
Экономикалық шолудың толық нұсқасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланған.
В наших соцсетях : Telegram-канал, Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!
