Ұлттық Банк пен Binance меморандумға қол қойды: келісім не береді?

7 Сен 2026 14:35
Количество просмотров: 158

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржылық инфрақұрылымды белсенді түрде дамытып келеді. Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі – халықаралық Binance компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою.

Келісім Binance тобының Қазақстанда халықаралық төлемдер мен ақша аударымдарына қызмет көрсетуге бағытталған өңірлік есеп айырысу хабын дамытуға мүмкіндік береді. Оның ішінде Орталық Азия, ТМД және Шығыс Еуропа елдеріндегі Binance жаһандық тобы клиенттерінің цифрлық активтермен жасайтын операциялары бойынша есеп айырысу қызметтерін ұйымдастыру көзделген.

Құжатқа қол қою рәсіміне Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов пен корпорацияның негізін қалаушы Чанпэн Чжао қатысты. Ұлттық Банк тарапынан Меморандумға Төрағаның орынбасары Бинұр Жаленов, ал Binance тарапынан жаһандық кеңсенің өңірлік даму және операциялық қызмет жөніндегі басшысы Кирилл Хомяков қол қойды.

Келісім тараптардың жобаны практикалық іске асыруға ниетін бекітеді. Меморандум аясында Қазақстанда Binance тобына кіретін тиісті ұйым құру, сондай-ақ Ұлттық Банктен бірінші санаттағы төлем ұйымы ретінде қызмет атқаруға лицензия алу үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл Binance тобының өңірлік операцияларының бір бөлігін Қазақстанға көшіруге және өңірдегі клиенттердің едәуір бөлігіне қазақстандық юрисдикция арқылы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру Қазақстанда халықаралық технологиялық құзыреттерді тартуға, цифрлық қаржылық қызметтер саласындағы экспорттық әлеуетті ашуға және Қазақстанның цифрлық қаржы технологияларының өңірлік орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға қолайлы жағдай қалыптастырады деп күтілуде. Қарапайым тілмен айтқанда, жоба Қазақстанның жаһандық цифрлық экономикаға белсендірек интеграциялануына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде компаниялар мен қарапайым азаматтар үшін қаржылық қаражаттарды трансшекаралық аудару үдерісін жеңілдетуге ықпал етеді.

Меморандумға қол қою Ұлттық Банктің Қазақстанды жаһандық цифрлық қаржы инфрақұрылымына интеграциялау бағытында жүргізіп отырған жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді. Бұл бағыттағы жаңа бизнес-мүмкіндіктер ел заңнамасына енгізілген өзгерістерден кейін пайда болды. Цифрлық активтермен және төлем қызметтерімен жұмыс істеудің жаңа ережелерін қалыптастырған маңызды нормалар қабылданды. Соның ішінде қаржы нарығының жаңа субъектісі — бірінші санаттағы төлем ұйымы институтының енгізілуін атап өтуге болады.

Жүргізіліп жатқан реформалар қаржы нарығындағы бәсекелестікті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырды. Оның ішінде жаһандық компаниялардың қатысуын кеңейту, банктік қызметтермен қатар инновациялық төлем және қаржылық қызметтердің жаңа түрлерін енгізу мүмкіндігі пайда болды.

Binance жаңа реттеу талаптары аясында жобаны іске асыруға кіріскен алғашқы жаһандық компаниялардың бірі болды. Бүгінде корпорация әлемдегі ең ірі криптовалюта платформаларының бірі саналады. Жаһандық блокчейн экожүйесі төлем және қаржылық сервистерді, цифрлық активтер саудасын және түрлі инфрақұрылымдық шешімдерді біріктіреді.

 

 

 

 

Фото: Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сайты

 

 

 

 

 

В наших соцсетях : Telegram-канал,   Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите Ctrl+Enter.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *