ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОТУРИЗМ САЛАСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

6 Авг 2026 18:37
Количество просмотров: 150

2026 жылдың І жартыжылдығында Түркістан облысындағы «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» аумағында «Парктер шеруі – 2026» акциясы аясында 32 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған жалпы 10 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы өткен баспасөз мәслихатында «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының» өкілі Ақбота Айтуғанқызы мәлімдеді.

«Туризмді дамыту бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізілді. 2026 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша қорыққа 744 турист келіп, ақылы қызметтерден 1,14 млн теңгеден астам кіріс түсті. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк қолдауымен жүзеге асырылып жатқан визит-орталықтың құрылысы жалғасуда. Нысан іске қосылғаннан кейін келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, экологиялық туризмді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қорық аумағында 205 шақырым минералды жолаққа күтім жасалып, 65 қызметкер мен 12 техникадан тұратын арнайы топтар жасақталды. Сондай-ақ, шекаралас ауылдарда 106 адамнан құралған ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылып, тұрғындар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді»-деді спикер.

Брифинг барысында «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының» бөлім басшысы Үсен Жапаров қорық аумағындағы қауіпсіздік шаралары туралы баяндады.

«Қорық инспекторлары жыл басынан бері «Охотзоопром» ӨБ, Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы, полиция және төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп рейдтер жүргізді. Нәтижесінде заңсыз аң аулау дерегі анықталып, Қаратау арқарына қатысты қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар, қорық аумағына заңсыз кірген тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, салынған айыппұл толық өндірілді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілген іс-шаралар барысында дәрістер, ашық сабақтар, ағаш отырғызу акциялары, сенбіліктер, шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға мектеп оқушылары, студенттер, жергілікті тұрғындар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсенді қатысты» — деп мәлімдеді бөлім басшысы.

 

 

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

 

 

 

 

В наших соцсетях : Telegram-канал,   Telegram-канал найдете много интересного, только важные и новые события! Наш Instagram. Подписывайтесь!

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите Ctrl+Enter.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *